Жалпы өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды.
Еуропада жыл сайын осы ауру салдарынан шамамен 3 миллион адам қайтыс болса, Ресейде 1 миллион адам, ал Қазақстанда 80 мың адам осы аурудан көз жұмады.
Жүрек-қан тамыры ауруларына әкеліп соқтыратын басты себептер қандай?
Басты себеп: адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлмеуінен десек, сонымен қатар жағымсыз экологияның да салдары жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп барады. Оның негізінде, атеросклероздан басқа, адамдардың жүйке жүйесінің шаршауы, олардың дәрменсіздікке ұшырап, депрессияға түсуі жатыр.
Артық салмақ және семіздік жүрек- қан тамыры ауруларының, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторы болып табылады.
Жүрек-қан тамыры ауруларын қоздыратын тағы бір себеп – бұл стресс, торығу,
ол адамдарды жасына қарамай, жүрек талмасына ұшыратады. Адамның көңіл-күйінің денсаулыққа әсері мол. Көңіл күйдің толқуы, мазасыздануы, біріншіден, адамның миы арқылы беріледі. Жағымсыз эмоциялар вегетативтік жүйені қоздырады, одан барып ағзадағы қан айналымына, ішкі органдарға, эндокриндік бездердің қызметіне әсер етеді. Соның салдарынан ағзадағы гормондардың балансы бұзылады. Оның әсері жүрек соғысының, ырғағының бұзылуына, қан қысымының көтерілуіне, бұлшық еттердің, қан тамырларының тартылуына апарады. Мидың қан айналымы нашарлайды, мидың клеткаларында оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Жүректің, мидың қан тамырларының қысылуы инфаркт, инсульт сияқты ауыр жағдайға алып келуі мүмкін, немесе жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, асқазан жарасы сияқты созылмалы ауруларға ұшыратады.
Жүрек-қан тамыры ауруларына әйелдерден гөрі ерлеркөп шалдығады.
Алдын – алуға, немесе жеңуге болатын қауіпті факторлар - холестериннің жоғары деңгейі, артериалды гипертония, темеку шегу, қант диабеті, семіздік, түрлі күйзелістер болып саналады.
Бүгінгі таңда жүрек- қан тамыры ауруларының алдын- алу үшін мынадай маңызды нәрселерді есте сақтау керек:
• Ең алдымен темекіден толықтай бас тарту қажет;
• Тиімді тамақтану ережелерін сақтау;
• Майлы тамақтардан бас тарту, тұзды пайдалану мөлшерін азайту-
тәулігіне 4 грамм, құрамында калийі мол (бұршақ, өрік, құрма, теңіз қырыққабаты) тамақтарды көп пайдалану, сарыуызды барынша аз пайдалану;
• Көкөніс пен жеміс-жидектерді барынша мол пайдалану;
• Алкогольді ішімдікті белгіленген мөлшерде ғана пайдалану;
• Дене белсенділігін арттыру, семіздіктен сақтану;
• Қандағы холестерин құрамын үнемі тексеріп, бақылап отыру;
Бұлардан тыс біз әр-түрлі диагностикалық зерттеулердің көмегіне сүйеніп жүрек- қан тамыры ауруларынан болатын асқынулардын алдын—алуға болады. Айта кетсек:
1. Электрокардиография (ЭКГ) — жұмыс істеп тұрған жүректің биоэлектрлік потенциалын графикалық тіркеу әдістемесі, жүректің жұмысы нәтижесінде пайда болатын әртүрлі потенциалдардың графикалық көрінісі және дене сыртынан жүргізілетін — электрокардиограммаларды (ЭКГ) алу болып табылады.
2.Жүрек УЗИ-і немесе Эхокардиогра́фия (ЭХО КГ) - жүрек құрылысын және оның қалқанша аппаратын морфологиялық және функционалдық зерттеуге бағытталған ультрадыбыстық диагностика әдісі.
Бұл әдіс жіңішке ұлпалардың күйін, жүрек қабырғаларының жуандығын, қалқанша аппаратының жағдайын, жүрек қуыстарының көлемiн, миокардты қысқарту белсенділігін анықтауға, шынайы өмірде жүректің жұмыс режимін көруге, жүректiң қақпақтары арқылы жүрек құлақша, қарыншадағы қан қозғалысының жылдамдығы мен ерекшелігін қадағалауға мүмкіндік береді.
3. ЭКГ тәуліктік мониторлау, хо́лтерлік мониторлау немесе ЭКГні ұзақ тіркеу—электрофизиологиялық аспаптық диагностика әдісі.
Зерттеу 24 сағат бойы немесе одан да көп электрокардиограммаларды үздіксіз тіркеу арқылы жүргізіледі. Холтерлік мониторлау - жүрек қағысының бұзылуына диагностика жасаудың танымал әдістерінің бірі.
4.Стресс-тест немесе Велоэргометрия (ВЭМ) —латентті (жасырын) коронарлық жеткіліксіздікті зерттеу және велоэргометр немесе тредмилде зерттеу орындалатын сатылай өсетін физикалық жүктемені қолданатын электрокардиографиялық диагностикалық әдіс.
6. Қан қысымды тәуліктік мониторлау әдісі - қан қысымды тәуліктік мониторлаудың жалпы ұзақтығы ортамен 24-48сағатты құрайды және қан қысымының тәулік бойы өзгерісі туралы ақпарат береді.
Осы жоғарыда айтылған диагностикалық зерттеулердің көмегімен жасалынған оперативті емнің нәтижесінде ауданымыздағы өлім-жітім көрсеткіштері азда болсада төмендеп келе жатқанын атап өтуге болады.
Жалпы өлім-жітім көрсеткіші 2013 жылы 324 болса, 2014 жылы 267-ге ,яғни 57 адамға азайды. Оның ішінде жүрек-қан тамырлар ауруларынан 2013 жылы - 81, 2014 жылы - 64, яғни 17 адамға кеміді. Жедел жүрек инфарктісінен 2013 жылы 6 адам, 2014 жылы 3 адам қайтыс болды.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе айтарымыз - дәрігер ауру адамды емдейді, ал аурудың алдын алу әрбір адамның өз қолында . Өз учаскелік дәрігеріңіздің және бейінді мамандардың тағайындаған нұсқауларын және емдеу –сауықтыру шараларын толығымен , түбегейлі орындаған жағдайда Сіз өз денсаулығыңызды түзейсіз, түрлі асқынулардың алдын аласыз, өмір сүру ұзақтығын арттырасыз! Дана халқымыз айтқандай « Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қағидасын шын мәнісінде есімізден шығармайық , ағайын!
Абдрахманова С.С. емхана меңгерушісі
Жұмағали М кардиолог дәрігер