МАМАНДЫҒЫНА АДАЛДЫҚ ТАНЫТҚАН АЗАМАТША

 

Желдікова Бибігүл Сәкенқызы балалар фтизиатр-дәрігері. Бұл салада жүргеніне 50 жыл болған. Қызметі мен туған өлкесіне адалдық танытып келеді. Туберкулездің алдын алуға күш салып жүрген ақ халатты абзал жан. Ол  Көксу ауданының тумасы. 1947 жылы 29 мамырда дүниеге келген. 1965 жылы мектеп бітіріп, Семей мемлекетттік институтындағы "педиатрия" факультетіне оқуға түскен. Жолдамамен туған өлкесіне Шұбар колхозына оралып, сол ауылдың бас дәрігері болды. Жарты жылға жетер жетпес Балпық бидегі аудандық аурухананың педиатры болып ауысты. Кейін, білімін Мәскеуде шыңдап, балалар фтизиатр-дәрігері мамандығын меңгерді. Жарты ғасырдан бері  аудандық ауруханада еңбек етуде. Қазір де ауданның туберкулезге қарсы іс-шараны ұйымдастырудың үйлестірушісі.

Жас ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдеу үстінде. Құрт ауруының қауіптілігі мен сақтану жолдарын насихаттап жүрген дәрігер. Балаларға осы дертке қарсы екпені уақытында алуға шақырады. Бүгінде аудандағы балалардың 99,7 пайызы вакциналанған. Нәтижесі оң. Соңғы 10 жылда ауданда туберкулезбен науқастанған балалар тіркелмеген.

Мамандығына деген адалдығы мен еңбегі үшін аудандық, облыстық, республикалық деңгейде түрлі марапаттар алды. Ең бастысы - Көксу ауданының "Құрметті азаматы". Тіпті, халықаралық ұйым өкілдері Бибігүл Сәкенқызының тәжірибесі мен біліктілігін мойындаған. "Үздік фтизиатр-дәрігері" атағын алды.    

Дәрігерлік жолы мен отбасылық өмірді қатар ұстаған жан бүгінде 3 баласынан 6 немере сүйіп отырған бақытты әже.