ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ТӘСІЛДЕРІН ҚАЙТА ҚАРАСТЫРАДЫ – ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР
Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы аясында берілген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары жөнінде баяндады.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жұмысына келсек, біз денсаулық сақтауды қаржыландыру тәсілін қайта қарастыруды ұсынамыз», – деді А.Ғиният.
Біріншісі – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шығыстарын (жыл сайын шамамен 200 млрд. теңге) және халықтың жеңілдіктер алатын 15 санаты үшін медициналық сақтандыру жүйесіне мемлекеттің аударатын жарнасын қосымша қаржыландыру мәселесін пысықтау.
Екіншісі – қаражатты әкімшілендіруді оңтайландыру және оны тиімді пайдалану үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) пакеттерінің қаржылық шығынын біріктіруді заң тұрғысынан реттеу. Сондай-ақ МӘМС пен ТММКК пакеттерінің айқын конфигурациялары анықталады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жағдайында ерікті медициналық сақтандыруды (ЕМС) іске қосу үшін ерікті медициналық сақтандырумен өтелетін медициналық көмектің бағыттары мен қызметтер тізбесі айқындалатын болады, сондай-ақ шетелдіктерге, атап айтқанда, еңбек мигранттары мен шетелдік студенттерге міндеттелетін медициналық сақтандыру заңнамамен бекітіледі және іске асады, деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.