Осы орайда кейінгі 5 жылда аудандық орталық аурухана деңгейінде халықтың жекелеген топтарын Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес алдын ала скринингтік тексеру ( скрининг - дені сау адамдарды профилактикалық медициналық тексеріс) жұмыстары қолға алынған.
Атап айтсақ, бұл скринингтен келесі жастағы тұлғалар өтеді:
жүрек –қан тамырлары және қант диабеті ауруларының алдын алу үшін
40 жастан - 64 жасқа дейін, әр 2 жыл сайын (40,42,44,46,48,50,52,54,56,58,60,62,64)
қандағы холестерин мен қанттың деңгейін анықтау, айғақтар бойынша ЭКГ ,
глаукома ауруына - 40 жастан - 70 жасқа дейін, әр 2 жыл сайын (40,42,44,46,48,50,52,54,56,58,60,62,64,66,68,70) - көзішілік қысымды өлшеу,
тоқ және тік ішек қатерлі ісігіне 50 жастан 70 жасқа дейін 2 жыл сайын (50,52,54,56,58,60,62,64,66,68,70) – нәжісті жасырын қанға тексеру,
жатыр мойнының қатерлі ісігіне 30 жастан - 60 жасқа дейінгі әйел азаматтар әр 5 жыл сайын (30,35,40,45,50,55,60) – жатыр мойны сүртіндісін цитологиялық тексеру,
сүт безінің қатерлі ісігін ерте анықтау 50 жастан - 60 жасқа дейінгі әйел азаматтар (50,52,54,56,58,60) –маммаграфиялық тексеру.
Осы аталған аурулармен есепте тұрмайтын азаматтар емхананың дәрігерге дейінгі қабылдау бөліміне және әр округ бойынша дәрігерлік амбулаторияға немесе медициналық пунктке өз еркімен немесе медициналық қызметкердің шақыруымен келуі қажет және көрсетілген зерттеулерден өтулері тиіс.
Бұл Сіздердің денсаулығыңыз бен болашағыңыз үшін атқарылып отырған шаралар! Әсіресе халық арасында белең алып келе жатқан қатерлі ісік (рак) ауруларын ерте анықтау, оларды дер кезінде сауықтыру осы аталған іс-шаралар арқылы мүмкін екендігі дәлелденіп отыр.
Осы орайда айта кетеріміз: скринингтік зерттеу арқылы 1 адам тоқ ішек қатерлі ісігімен, 1 әйел сүт безінің қатерлі ісігімен дер кезінде анықталып, емдеу сауықтыру шаралары уақтылы өткізілді.
Оның сыртында осы скринингтік зерттеулер арқылы 2014 жылы қатерлі ісікалды ауруларымен: атап айтсақ 31 әйел жатыр мойнының дисплазиясымен, 81 әйел жатыр мойнының жарасымен, 105 әйел сүт безінің мастопатиясы, фиброаденомасы ауруларымен, 2 науқас тоқ ішек ақауымен анықталып, есепке алынып , сауықтырылуда.
Жүрек қан тамырлары ауруларымен 282 адам , қант диабетімен 10 адам, 112 адам глаукома күдігімен анықталып, есепке алынып , ары қарай зерттеу, емдеу сауықтыру шараларын алуда.
Осы мақсаттағы ауқымды жұмыстар биыл, 2015 жылы да жалғасын табуда.
Сонымен қатар, биылдан бастап 65 жастан жоғары ер және әйел азаматтарды алдын ала медициналық тексеруден өтулері жоспарланып отыр. Бұл үшін өздеріңіздің учаскелік дәрігерлеріңіздің ңұсқаулары мен шақыртуларына құлақ асып, тиісті клиникалық- диагностикалық тексерулерден өтулеріңіз керек.
Құрметті аудан тұрғындары!!!
Жылына 1 рет алдын ала медициналық тексеруден өтіп отырыңыздар.
Бұл іс-шаралар сіздердің ағзаларыңыздағы әр түрлі ауруларды және ауытқуларды ерте анықтауға, емдеуге, өмірлеріңізді ұзартуға бағытталған жұмыстар.
“Дені саудың жаны сау” қағидасын басшылыққа алып, скринингтік және алдын алу медициналық тексерістен өтіңіздер!
Директордың орынбасарлары М.Т. Қанаева
С.С.Абдрахманова