Көксу аудандық орталық ауруханасында "Сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау маңыздылығы" және "Физиологиялық жүктілікті бақылау" тақырыптары бойынша оқыту-семинары өтті. Оны аудандық аурухана директорының орынбасары - Гүлнар Кертаева, акушер- Гүлмира Батаевна, емхананың меңгерушісі - Риза Баденовна және

онколог дәрігері Жұмабек Тасабеков қызметкерлерге дәріс өткізді. Олар сүт безі обырын ерте анықтау маңыздылығына кеңінен тоқталды. Жеке-жеке баяндама жасап, тұрғындармен тығыз байланыс орнату қажеттігін атап өтті.  Олардың айтуынша, қатерлі ісіктің қалай пайда болатынын дөп басып айту қиын. Оның пайда болғаны адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскенде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады. Ал оның пайда болуына созылмалы аурулар себеп болуы мүмкін. Сондықтан созылмалы ауруларды уақытылы емдеткен дұрыс - дейді, ақ халаттылар. Сондай-ақ, дерт ертерек анықталса, оның емі нәтижелі болады. Сондықтан сала мамандары аудандық учаскелік дәрігерлер жергілікті қыз-келіншектерге уақытылы скринингтен өтуге шақыру жұмысын күшейту керектігін ескертеді. Сонымен қатар, тәжірибелі қызметкерлер қауіпті дерт анықталған науқасқа психологиялық көмек көрсету маңызды екенін айтты. Жиын барысында білікті мамандар жүкті әйелдің физиологиялық денсаулығына бақылау жүргізу мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұл ана мен бала өмірі үшін маңызды екенін айтты. Айта кетейік, оқыту шарасына аурухананың 60 қызметкері қатысты