А.ҒИНИЯТ АУЫЛДАҒЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ ТУРАЛЫ БАЯНДАДЫ
Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы аясында берілген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары жөнінде баяндады.
Ол Президенттің ауыл халқының медициналық көмекке сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық жобаның іске асу барысы туралы хабарлады.
Министр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – медициналық инфрақұрылымды жақсарту есебінен есебінен қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы алшақтықты қысқарту және ауыл халқына шұғыл әрі арнаулы медициналық көмекті уақытылы қамтамасыз ету екенін еске салды.
Мәселен, ұлттық жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісі, оның ішінде жаңа 228 объекті және қолданыстағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерінің орнына 427 объекті салынады.
Сондай-ақ 32 көп бейінді орталық аудандық ауруханалар ұйымдастырылады. Оның ішінде қолданыстағы 12 аурухананы жетілдіру қамтамасыз етіледі.
Бұған қоса, А.Ғинияттың айтуынша, инфаркт, инсульт, босану, жарақат алу кезінде және басқа жағдайларда «Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып шұғыл медициналық көмек көрсете алатын, сондай-ақ ірі қалаларға бармай-ақ телемедицина және қашықтықтан медициналық қызметтер арқылы арнаулы және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын жаңа көпбейінді орталық аудандық ауруханалар ашу қарастырылған.
Баяндамада айтылғандай, ұлттық жобаны іске асыру арнаулы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, ауыл тұрғындары арасында қан айналымы жүйесі ауруларының өлім-жітімін 23,6%-ға төмендетуге (100 мың тұрғынға шаққанда 166,7-ден 134,85-ке дейін), 4 миллионнан астам ауыл тұрғынын сапалы, жедел әрі жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
https://koksu-bolnica.kz/kz/zhanaly-tar/864-b-gin-kimet-otyrysynda-densauly-sa-tau-ministri-azhar-iniyat-memleket-basshysyny-2022-zhyl-y-1-yrk-jektegi-zholdauy-ayasynda-berilgen-tapsyrmalaryn-zh-zege-asyru-sharalary-zh-ninde-bayandady-2.html#sigFreeId86dd86ebc3