МӘМС жүйесі - ұлт саулығының кепілі. Бүгін осы тақырып төңірегінде Көксу ауданының әкімдігінде жиын өтті. Оған Жетісу облысының МӘМС қорының директоры Гүлзия Имяржанқызы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы Алмагүл Кенжеғұлова және Көксу ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Кенжеханұлы, ауданның бас дәрігері Жаннұр Мәуленұлы қатысты. Олар аудандағы ауыл әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер мен жергілікті тұрғындармен кездесті. Атқарылған жұмыстар мен болашақ жоспарларын бекітті. Мамандардың мәліметінше, бүгінгі күні Көксу ауданында 8000-нан аса тұрғын медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген. Бұл жағдайды ескере отырып, сала қызметкерлері басқосуда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша кеңінен ақпарат беріп, тиімділігін түсіндірді.

МӘМС - халық денсаулығын қорғау саласында халық мүддесін әлеуметтік тұрғыда қорғайтын мемлекеттік жүйе. Қор - Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне және табыстарына қарамастан медициналық көмек пен дәрі-дәрмектің қолжетімді болуына кепілдік береді. Халықтың медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғайды және де МӘМС арқылы Қазақстан аумағында азамат өзі таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала алады. Бұл жағдайда, емхананың шығыстарын Қор толығымен өзі өтейді.

Жүйенің елімізде енгізілу тарихына тоқталатын болсақ. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін әлемнің көптеген елі қолданады. Әсіресе, дамыған мемлекеттер осы жүйеге баяғыдан көшіп алған. Бүгінгі күні Германия, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакия, Шығыс Еуропа елдерінде барлығы 30 елде бар.
Кездесу барысында МӘМС мәселесі қызу талқыланды. Жиынға келгендер мамандарға сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.